Тарихи деректер дәріптеліп, сенбілік жұмыстары жүргізілді
Тарихи деректер дәріптеліп, сенбілік жұмыстары жүргізілді
Құт өрген, қасиет жайлаған қазақ даласының қай қиыры болса да құндылықтарға өте бай. Ежелгі заманнан естелік болып қалған жәдігерлердің де адамзат тарихында маңызы айрықша. Әр төбенің бауырына жасырынған, жазық даланың кеудесіне орнаған құндылықтарды тану — елдіктің көрінісі.
Бүгін осы мақсатта 2014 жылы ЮНЕСКО құрамына енген тарихи Құлан қалашығына 100-ге жуық адам жиналды. Олардың қатарында аудан әкімі Ернар Есіркепов бастаған әкімдік қызметкерлері, аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов жетекшілік ететін депутаттар корпусы және мәдениет қызметкерлері болды. Сондай-ақ, аталмыш шараға бөлім және мекеме басшылары мен қызметкерлері, жастар мен «Жасыл ел» жасағаның мүшелері қатысты.
Ең алдымен шараға қатысушылар тарихы тереңде жасырылған қалашықтың өткеніне үлкен мән беріп, келешекте жоспарланып отырған жұмыстармен жақын танысты.
Аудан әкімі Ернар Есіркепов тарихи аймақты туристік аумаққа айналдыру тетіктерін табу керектігін жеткізді. Сондай-ақ, қалашық маңын абаттандыруға һәм көріктендіруге үлкен мән беру қажеттігін алға тартты.
Шараға қатысушылар Құлан қалашығының маңын қоқыстан толық тазартты. Қоршауларын қайта қалпына келтіріп, дәнекерлеу, әктеу, сырлау жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, аталмыш бағыттағы сенбілік жұмыстары Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жүзеге асуда.



